1 млрд 200 млн теңге шығын: Жетісуда ақбөкен мүйізін заңсыз сақтағандар ұсталды. Жетісу облысы бойынша ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, Шекара қызметі мен ҰҚК департаменті қызметкерлерімен бірлесе отырып, өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ олардың бөліктері мен дериваттарымен заңсыз айналысқан күдіктіні ұстады. «Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Панфилов ауданының аумағында 39 жастағы ер адам ұсталды. Тінту кезінде үйдің шатырынан скочтпен оралған 7 картон қорап табылды. Бұл қораптардың ішінде 464 дана ақбөкен мүйізі болған», – деп атап өтті ПД бастығының орынбасары Елдар Абдикенов. Табылған мүйіздерге олардың шығу тегі мен түпнұсқалығын анықтауға мүмкіндік беретін сот-биологиялық сараптама тағайындалды. Келтірілген зиынның шығыны 1 млрд 284 816 000 теңгені құрады.