Шымкенттің бұрынғы бас сәулетшісі 10 жылға сотталды. Әл-Фараби аудандық соты Жеңіс Байымбетовке осындай үкім шығарды. Ол жарты миллиард теңгеге жуық бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды деп хабарлайды “Астана” телеарнасы. Бұрынғы шенеунік және “ИнвестСтройПроект ЛТД” ЖШС директоры Айтбаев қаланың топографиялық түсірілім жұмыстарын мемлекеттік сатып алу кезінде бюджет қаражатын ұрлаған. Шаһардың бас сәулетшісі былтыр маусым айында ұсталды. Қылмыстық іс қазан айында сотқа жіберілген. “Ж.Байымбетов қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтей отырып, мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеу құқығынан айырылды. Ал Айтбаевқа “сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету” бабы бойынша кінәлі деп танылып, сегіз жыл бас бостандығынан, материалдық жауапкершілікке байланысты қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға айыру жазасы тағайындалды. Оған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде жазасын өтеу үкімі шығарылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Сотталғандар кінәсін мойындамады және сот үкіміне шағымданбақ. Шымкент қаласының әкімдігі қалалық бюджеттен ұрланған ақшаны әзірге қайтара алмады.