Алматыда газ жабдықтарын тексеру қызметі ретінде тұрғындарды алдайтындар көбейді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі inAlmaty.kz басылымына сілтеме жасап. Бұл туралы Медеу ауданы әкімдігі хабарлады. Әлеуметтік желілерде тұрғындар газ жабдықтарын ақылы түрде тексеруге келетіндер көбейгенін айтып шағымданды. Олар өздерін тексеруші компания қызметкерлері ретінде таныстырады. Алаяқтар газ-пешінен де, оның қосалқы құрылымынан да “ақау” тауып, оған сендіре алады. “Алаяқтарды бірден анықтау қиын, өйткені газ жабдығын тексерумен газ жеткізуші емес, келісім-шарт жасасқан ЖШС айналысады. Сіз қызмет көрсететін ұйымға қоңырау шалу арқылы алаяқты анықтай аласыз. Оның байланыс нөмірлері әдетте түбіртекте көрсетіледі. 104 қызметі тек төтенше жағдайларды жоюмен айналысады”, – дейді әкімдік өкілдері.