Алматы облысында мас жүргізуші қағып кеткен екінші қыз қайтыс болды

Алматы облысында мас жүргізуші қаққан 8 жастағы оқушы қыздардың тағы біреуі көз жұмды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Суыт хабарды облыстық денсаулық сақтау басқармасы растады. 4 сәуірде оқушы қыз есін жимастан Шелек ауылының ауруханасында жан тапсырған. Ол комада жатқан еді, дәрігерлер оны жасанды тыныс алдырту аппаратына қосқан болатын. Еске салсақ, жантүршігерлік жол апаты наурыз айының басында Еңбекшіқазақ ауданының Қорам ауылында болды. Сабақтан қайтып келе жатқан төрт бірдей оқушы қызды УАЗ көлігінің мас жүргізушісі қағып кетті. Үш қыз ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді, төртіншісі апаттан сақтанып үлгерген. Оқушы қыздар 8-9 жаста. 14 наурызда олардың біреуі көз жұмғаны белгілі болды.