Министр Цой карантинге қатысты ұсыныс жасады

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой үкіметтің қарауына карантинге қатысты бірнеше ұсыныс енгізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. “Ashyq жүйесін енгізгелі “қызыл” және “сары” мәртебесі бар 46 067 адам анықталды. Олардың ішінде 29 930-дың ПТР-тесті оң нәтиже көрсеткен. Қалғаны – науқастармен байланыста болғандар. Бұл статистика кейбір адамдардың үйде оқшаулану режимін сақтамай, халық көп жиналатын жерге барып жүргенін көрсетіп отыр. Осылайша, айналадағы адамдарға қауіп төндіреді”, – деді Цой. Оған қоса, шектеу шараларына қарамастан, той-томалақ тыйылмай тұр. Ондай жиындарға адам көп жиналады. Ал санитарлық ережелер сақталмайды. “Осыған байланысты мониторингтік топтардың жұмысын күшейтуді сұраймын”, – деп атап көрсетті Цой.