“Пара алу” бабы бойынша айыпталған бұрынғы қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл жөнінде бейсенбі күні Sud.kz сайты хабарлады. Сот бұрынғы шенеунікті өмір бойы мемлекеттік қызметте істеуге де тыйым салды. Сот ақпаратына қарағанда, Руслан Еңсебаев қаржы министрлігін цифрландыруға байланысты өткен байқау кезінде “Әл-Фараби Partners” компанияның жеңіп шығуы үшін 1,2 млн теңге пара алған. Соттың хабарлауынша, Еңсебаевпен бірге ақпарат және қоғамдық келісім комитеті төрағасының орынбасары Ескендіров те төрт жыл түрме жазасын алған. Сот оның “келісім-шарттар жасасу барысында құжаттарға қол қоюды жеделтету мен қамқорлық жасағаны үшін 2,3 млн теңге пара алғанын” анықтаған. Ал “Пара беру” бойынша айыпталған жеке компания өкілдері Байбосынов пен Бұхарбай әрқайсысы жеті жылға сотталған.