Қазақстан ғалымдары әзірлеген коронавирусқа қарсы инактивацияланған вакцина осы жылы қыркүйекте адамдарға сыналуы мүмкін. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министрдің айтуынша, қазір отандық ғалымдар үш платформада коронавирус инфекциясына қарсы 5 кандидаттық вакцина әзірлеп жатыр. Клиникаға дейінгі сынақ 15 мамырда басталған. Алдымен, тышқандарға егіліп, вакцинаның қауіпсіздігі мен иммуногендігі тексерілді.
“10-23 маусым аралығында кандидаттық вакцинаның уыттылығы мен аллергиялық қасиеттері зерттеледі.
Маусым, шілде айларында әртүрлі жануарға, оның ішінде приматтарға егіліп, әрі қарай вакцинаның жалпы иммуногенділігі зерттеледі. Қыркүйек айында клиникалық зерттеулерге көшу жоспарымызда бар”, – деді Аймағамбетов.