Қазақстанда зейнетақы төлемдері артатын болады

Әлеуметтік кодексінің жобасы шеңберінде базалық зейнетақы мөлшерін арттыру және ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табысты ұлғайту көзделген, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. “Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар пакеті ұсынылды. Оларды іске асыру мақсатында бұған дейін қабылданған шешімдермен бірге бұл 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27% – ке ұлғайтуға мүмкіндік береді”, – делінген хабарламада. Ұсынылып отырған шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27% – ға (3 жыл ішінде – 109-дан 138 мың теңгеге дейін) арттыруға және жиынтық зейнетақыдағы мемлекеттік төлемдердің үлес салмағын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, мемлекет қарт адамдар арасында кедейліктің өсуіне жол бермеу бойынша міндеттемелер қабылдайды.