Алматы облысына қарасты 7 ауылдық округ халқы аудан әкіміне шағымдарын жеткізді. Олар ай сайын газға төленетін ақы екі есеге өскеніне наразы. Қарасай ауданы прокуратурасы бұл жайтқа қатысты тексеріс басталғанын мәлімдеді. Шамалғанның мәдениет үйіне мәселесін айтып келгендер газ компаниясының газ құбырын тарту қызметі де қымбат екенін айтты. Қарасай ауданы әкімі бұл түйткілге қатысты құзырлы органдар тексеріс бастағандығын мәлімдеді. “Қазір антимонополиялық органның қорытындысын күтеміз. Егер орган артық тариф қойды десе, сол ақшаның бәрін халыққа міндетті түрде қайтарып береміз”, – деді Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов.