Үкімет отырысында министрлер мен әкімдерге мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің қабырғасы үгітіліп жатқаны, сапасыз жолдардың суреті көрсетілді. Отырыста тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселесі қаралды. “Мемлекет тұрғын үй құрылысына үлкен қаржы бөліп отыр. Соған қарамастан, оның сапасына қатысты шағым өте көп. Аулалардың фотосын көріңіздер. Мұндай үйлердің қай өңірде салынғанын айтпай-ақ қояйын, бірақ барлық жерде осындай көрініс. Бұл не? Қалыпты нормаға айналған ба?”, – деді Смайылов. Ол әкімдіктерге шұғыл түрде барлық кемшілікті жою керек екенін ескертті.