ҚТЖ және полиция қызметкерінен құралған қылмыстық топ ұсталды

Олар 2 жыл бойы темір жолдардың жағдайын жақсартуға арналған материалдарды ұрлаумен айналысқан. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасы хабарлады. Тергеу пікірінше, ұрланған төсемдер, шпалдар, рельстер және басқа да тауарлар жарамсыз немесе белгілі бір ақаулары бар жол төсемінің жоғарғы құрылымының бөліктерімен ауыстырылды деп жалған мәліметпен есептен шығарылған. “Қылмыстық топқа “ҚТЖ “ҰК” АҚ Қарағанды бөлімшесінің қазіргі және бұрынғы 17 жұмысшысы тартылған. Оларға полиция қызметкері қамқорлық жасаған. Алдын ала есептелген шығын 127 миллион теңгеден асады, бұл 800 тоннаға жуық материал”, – делінген хабарламада. Соттың санкциясы бойынша, Жаңаарқа жол дистанциясының учаске бастығы және оның орынбасары, сондай-ақ желілік полиция бөлімшесінің бастығы тергеу изоляторына қамалды.