Сенат «Масс-медиа туралы» заңды мақұлдады. Аталған заңға мынандай жаңашылдықтар енгізу көзделген. Бірінші, мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына отандық контентті дамыту, елдің ақпараттық егемендігін нығайту және қорғау үшін гранттық қаржыландыру беріледі. Екінші, медиада жарияланған ақпарат бойынша жеке немесе заңды тұлғалардың талап қою мерзімі бір жыл болып белгіленді. Үшінші, журналист сұрауларын қарау мерзімі 7 жұмыс күннен 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Төртінші, Масс-медиа мамандарына ерікті негізде қоғамдық-кәсіптік кеңес құруға және журналистердің әдеп кодексін әзірлеуге мүмкіндік берілді; Бесінші, Мемлекеттік тілдегі теле, радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемін 50% – дан 60% – ға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту белгіленді; Алтыншы, отандық теле, радио бағдарламалардың және авторлардың, орындаушылардың музыкалық шығармаларының арнадағы көлемін 50% – дан 60% – ға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту; Жетінші, шетелдік бағдарламалардың ретрансляциясын 20% – дан 10% – ға дейін азайту% белгіленді; Сегізінші, журналистің кәсіби қызметінің құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз ету жөнінде нормалар енгізілді. Сондай-ақ, қолданыстағы ұлттық заңнамада кездесетін «бұқаралық ақпарат құралдары» сөзі «масс-медиа» сөзімен ауыстырылады.