Тоқаев Отарда комаға түскен сарбаздың ісін бақылауға алуды тапсырды. Жамбыл облысында әскерде жүргенде комаға түскен 19 жастағы сарбаз Нұржігіт Әбділпаттаның анасы Жанна Жаналина әлеуметтік желіде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялап, көмек сұрады. Жаналина ұлы қазір ес-түссіз, арнайы аппаратпен тыныс алып жатқанын, жағдайы әлі қиын екенін айтты. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Тоқаев үндеумен танысқанын, оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеуді және кінәлі адамдарды жазалауды талап еткенін хабарлады. Президент қорғаныс министріне әскерде мұндай жағдайға жол бермеу қажетін ескертіп, тергеу амалдарын бақылауға алуды тапсырды деді Берік Уәли.