Сауда министрлігі қазақстандықтардың “Уақытты кері қайтару” талабымен жариялаған петиция талаптарын қабылдамады. Бұл алдын ала шешім екені хабарланды. Ведомство өкілдерінің сөзінше, сағатты артқа жылжыту шешімі денсаулыққа кері әсер етті әрі электр энергиясын бұрынғыдан көп тұтынуға алып келді деген тұжырымдарға дәлел жоқ. Талқыға қатысқан денсаулық сақтау, энергетика, оқу-ағарту министрлігінің өкілдері бірінен кейін бірі жаңа уақыт белдеуіне көшкеннен кейін “айтарлықтай өзгеріс болмағанын, шағымдар көбеймегенін” айтты. Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев “адам ағзасы мұндай өзгерістерге тез бейімделетінін” атап өтіп, ғылым министрлігімен бірігіп зерттеу жүргізуге де дайын екенін айтты.