Құны 15 млн доллар болатын аса ірі есірткі партиясын шекарадан өткізбек болған шетелдіктер ұсталды, деп хабарлайды ҰҚК Шекара қызметі. 31 мамырда Түркістан облысындағы Б.Қонысбаев атындағы бақылау-өткізу пунктінде шекарашылар қызметтік иттің көмегімен ауыр жүк көлігінде аяқ киім креміне арналған ыдыстарға жасырылған күдікті есірткіні тауып, тәркілеген. Сараптама нәтижесінде алынған заттардың құрамында героин бары анықталды. Оның жалпы салмағы – 775 келі. Табылған есірткінің “қара” нарықтағы құны 15 млн АҚШ долларынан асып түседі. Осы қылмысты жасады деген күдікпен екі шетел азаматы ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.