Әскерде әлімжеттік көрген Нұржігіт Әбділпаттаның сот процесіне сот-медициналық сарапшысы Тахир Халимназаров қатысады. Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша Салтанат Нүкенованың жарақаттану себептері туралы қорытынды жасаған Тахир Халимназаров бұл іске қатысуға келіскен. 19 жастағы жігіт Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылындағы №30212 әскери бөліміне әскери борышын өтеуге барған. Өкініштісі, ант қабылдап үлгермеген ол жансақтау бөлімінен бір-ақ шығады. Нұржігіт Әбділпатта ауруханада екі айдай жатып, есін әзер жиған. Қазір сарбаз туған жері Қостанайда. Куәгер қатардағы жауынгерлердің айтуынша, сапқа тұру кезінде Нұржігітке сержант қол көтерген. Қазір жәбірленушілер сот-медициналық сараптаманың қорытындысын күтіп отыр. Кейін іс әскери сотта қаралады. Естеріңізге сала кетейік, отан алдында әскери борышын өтемек болған сарбаз Қордай орталық аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне түскен.