Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25%-ке дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ Ұлттық банк валюта бағамының қалыпты жұмысын сақтап қалу үшін интервенциялар жүргізуді жалғастыруға дайын. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлім етті.
Базалық мөлшерлемені көтеруге әсер еткен факторлар
Қазан айында жылдық инфляция ұзақ уақыт баяулағаннан кейін 8,5%-ке дейін қайта көтерілді. Азық-түлік бағасының төмендеуі байқалады, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы біршама артты. Демек инфляцияның көтерілуіне ақылы қызметтер бағасы әсер етіп отыр. Сонымен қатар қазанда коммуналдық қызметтер, байланыс пен көлік қызметтерінің бағасы да айтарлықтай өсті.
«Қазанда бағаның бір айдағы өсу қарқыны 0,9%-ке жетті. Бұл орташа динамикадан біршама жоғары, бұрын қазан айында аталған көрсеткіш 0,7% болатын. Базалық және маусымдық факторлардан тазартылған инфляцияның көрсеткіштері биыл шілдеден бастап жоғары болып қалды. Бұл экономикадағы проинфляциялық қысымды және инфляциялық үрдістердің тұрақсыздығын білдіреді», – деді Тимур Сүлейменов.