Ресей биылдан бастап Украина аумағы арқылы Еуропаға газ тасымалдауды тоқтатты. “Газпром” Украинаның “Нафтогазымен” 5 жылдық келісімшарт мерзімі аяқталғанын хабарлады. Украина тарапы келісімшартты ұзартудан бас тартты. Осылайша Ресей транзиттік газды жеткізудің техникалық және құқықтық мүмкіндігінен айырылды. Украина билігі транзиттің тоқтағанын растады. Елдің энергетика министрлі Герман Галущенко мұны “тарихи оқиға” деп бағалап, мұндай қадам “ұлттық қауіпсіздік мүддесі үшін” жасалғанын атап өтті. Кремль Украина арқылы Еуропаға газ тасымалдаудан жылына шамамен 5 миллиард доллар табыс тауып келген. Ал Киев транзит үшін шамамен 1 миллиард доллар алып отырған. Бес жылдық келісімшарт соғысқа дейін жасалып, осы уақыт ішінде транзит 4 есеге қысқарған.