АҚШ Алматыдағы жер учаскесін 49 жылға жалға алады

АҚШ Алматыдағы жер учаскесін 49 жылға жалға алады
Америка Құрама Штаттары Қазақстаннан 49 жылға жерді жалға алады. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті «АҚШ Үкіметіне жер учаскесін жалға беру туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлейді. Тиісті қаулы мақұлданды. Екі ел арасындағы келісім 2024 жылдың 27 қыркүйегінде жасалған. Келісімге сәйкес, Америка Құрама Штаттарының үкіметіне Алматы қаласынан АҚШ консулдығы мекемесінің үй-жайларын салу және пайдалану үшін жер беріледі. Жер учаскесінің ауданы 70 мың шаршы метрді құрайды. Ал жалға берілетін мерзім – 49 жыл. «Келісімде жер учаскесін жалға беру тәртібі мен шарттары айқындалған. Комитет осы заң жобасын жұмысқа алып, қорытынды әзірлейді», – деді заң жобасын таныстырған комитет төрағасы Айгүл Құспан.