Мемлекеттік айыптаушы Алматыда тұрғын үй күзетшісін қатігездікпен өлтірген күдіктіні 24 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Осы ретте марқұмның әйелі қылмыскерді өмір бойына соттауды талап етіп отыр. Қайғылы оқиға былтыр 29 наурызда болған. Алматыдағы “Меркур Тауэрс” тұрғын үй кешенінің тұрғыны Асқар Тастандиев жол талғамайтын көлігімен қақпаны қиратып, күзетші Нұрбол Қайыпбаевты бірнеше рет басып өтіп, кейін көліктен шығып, ер адамды тепкілеп тастаған. Қазір күдіктіге екі айып тағылып отыр. Біріншісі, қақпадан шығармай қойған күзетшіні асқан қатігездікпен өлтіргені үшін, екіншісі, танысы туралы порнография видеоны жаһанға жариялағаны үшін айыпталып отыр. Марқұмның артында әйелі мен кәмелетке толмаған үш баласы қалды. Кенжесі 5 жаста. Жесір қалған жары енді материалдық шығыны мен моральдық зардабын өтесін деген талап қойып отыр.