Қант диабеті әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен алынып тасталған соң, 500 мыңнан астам науқастың тағдыры алаңдатып отыр. Алматыдағы баспасөз жиынына қатысушылар Денсаулық сақтау министрлігін бұл шешімді қайта қарауға шақырды. Мамандардың айтуынша, диабет — инфаркт, инсульт, мүгедектік пен өлім-жітімнің негізгі себебі. Сондықтан сырқат әлеуметтік маңызға ие дерт ретінде қалуы тиіс. Министрлік болса, ауру әлі де ерекше бақылауда екенін айтып, оны міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қаржыландыруға көшіргенін түсіндірді.