6 қазанға қараған түні Бішкекте митингіде қаза болған жігіт 19 жаста болған. Бішкектегі ұлттық госпитальдың бас дәрігері Токтобай Маанаев Азаттықтың Қырғыз қызметіне жігіттің ауыр жарақаттанып, ауруханада көз жұмғанын айтты.
– Марқұмның екі аяғын жарылғыш зат жұлып кеткен. Қазір сүйегін мәйітханаға жеткіздік, – деді Токтобай Маанаев.
Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, кеше, 5 қазаннан бері 600-ге жуық адам дәрігер көмегіне жүгінген. 150 адам түрлі жарақатпен ауруханаға түскен, 13 адам реанимацияда жатыр.
5 қазанда Бішкекте парламент сайлауының алдын ала қорытындысына наразы топ митинг өткізіп, кешке қарай соңы қақтығысқа ұласқан. Полиция парламент ғимараты мен президент әкімшілігі алдында наразыларға резеңке оқ, көзден жас ағызатын газ, түтін құтылар қолданған. Ондаған адам жараланған.