Шымкентте карантин 22 маусымға дейін ұзартылды

Тұрғындар қоғамдық орындарда, қоғамдық көліктерде бетперде, қолғап киіп жүруге міндетті. талап етіледі.Қаланың бас санитар-дәрігері Әбдіманап Төлебаев осындай қаулы шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мегаполисте коронавирус жұқтырғандардың саны 3,7% -ке өскендіктен карантин мерзімі жалғасады. Барлық базардың жұмыс уақыты сағат 06.00-ден сағат 19.00-ге дейін шектеліп, қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты 23.00-ге дейін бекітілді.

Сауда-ойын орталықтары мен кешендерінің, сауда үйлерінің аумағында орналасқан кинотеатрлар мен балалар ойын алаңдарының, мұз алаңдары мен батут және фудкорттардың ашылуына әлі де тыйым салынып отыр. Мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың, ұлттық компаниялар мен кеңселердің жұмысшылары жартылай қашықтан жұмыс істеу режимін жалғастырады.

Шомылу мен демалыс орындарында адамдардың шоғырлануына жол бермеу үшін шаралар қабылдау міндеттелді. Той жиындар мен түрлі отбасылық шаралардың өткізілуіне рұқсат етілмейді. Жұмысын қайта бастаған нысандарға үнемі мониторинг жүргізу тапсырылды. Тәртіпке бағынбағандарға тиісті шаралар қолданылады.