Ақмола облысында бірнеше астыртын ойын бизнесіне тосқауыл қойылды. Бұл туралы облыстық экономикалық тергеу департаментінің басшысы мәлімдеді. Оның айтуынша, өңірде 1 жасырын казино, 2 ойын автоматтары залы мен 1 онлайн казиноның заңсыз жұмысы тоқтатылды. Ал кінәлілердің кейбіріне қомақты көлемде айыппұл салынса, енді бірінің 3 жарым жылға бас бостандығы шектелді. Мәселен, Көкшетау – Нұр-Сұлтан тас жолының бойындағы дәмханалардың бірінде құпия казино болған. Мамандар аймақта осындай заңсыз ойын бизнесі көбейіп келе жатқанын айтады.