Ақмола облысында суға құлап кеткен журналист іздестіріліп жатыр

Суға кеткен қыз Atameken Business News ақпарат агенттігінің қызметкері. Оқиға Астана су қоймасы маңындағы Арнасай ауылында орналасқан демалыс орны аумағында болған. “Жағалаудан 250 метрдей қашықтықта гидроциклмен жүрген бойжеткен суға құлап кеткен. Демалыс аймағының нұсқаушысы оны құтқара алмады”, – деді ведомство өкілдері. Мәйітті іздеу жұмыстары екі күннен бері жалғасып жатыр, сүңгуірлер мен арнайы техника жұмылдырылған. Іздеу жұмысы үшін Павлодар облысынан сүңгуірлер түсе алмайтын су қоймасының түбін сканерлеуге мүмкіндік беретін жаңғырық құрылғысы әкелінді. Су қоймасының тереңдігі 20 метрден 30 метрге дейін. ТЖД мәліметінше, көру мүмкіндігі 10 метрден төмен нөлге тең, түбі балдырлармен жабылған, бұл денені іздеуді қиындатады. Құтқарушыларға жел мен толқын да кедергі келтіріп жатыр.