Демократ Джо Байден Мичиган мен Висконсинде жеңіске жетіп, алға озды. Бірақ бірнеше штатта дауыс әлі саналып жатыр. Алғашқы сайлау учаскелері жабылғаннан бері 24 сағат өтсе де, АҚШ-тағы президент сайлауының жеңімпазы анықталған жоқ.
Байден Мичиганда сайлаушылар алқасының – 16, Висконсинде 10 дауысына ие болған. Осылайша қазір Джо Байденде 253 дауыс болып тұр. Ал Трампта 214 дауыс бар. Жеңіске жету үшін кандидат сайлаушылар алқасының кемінде 270-інің дауысын алуы керек.
Егер Байден Аризона мен Невадада жеңсе, сайлау жеңімпазы атанады. Сарапшылар Мичиган мен Висконсиндегі жеңіс Байденнің сайлауда жеңу мүмкіндігін арттырды деп отыр. 4 қарашада Мичиганда озғаны анықталғаннан кейін Байден жеңіске жететінін мәлімдеді.
Джорджия мен Пенсильванияда да дауыс санау жалғасып жатыр. Екі штатта да Трамп алда келеді.