Көліктегі полиция қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде Алматы әуежайында дүкен тонаған үш адамды ұстады. Олар қолды еткен тауардың 200-ден астам түрі тәркіленді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Бейнебақылау жазбаларын қарау кезінде үш күдікті анықталды: апалы-сіңлілі және біреуінің күйеуі. Үшеуі де Алматы облысының тұрғыны. “Олар 6 қаңтарға қараған түні жаппай тәртіпсіздік кезінде әуежайда біреудің мүлкін ұрлаған. Күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша тексеру кезінде заттай айғақ – элиталық алкоголь, сондай-ақ 130 түрлі парфюмерлік және косметикалық өнім алынды. Сонымен қатар кофеханадан, кәдесый дүкенінен және дәріханадан ұрланған 94 түрлі тауар тәркіленді”, – деді көліктегі полиция департаменті бастығы Онал Бәкиев.