Төтенше жағдайлар министрлігі осылай деп хабарлады. “Қазіргі уақытта Абай облысында үш бағытта (оңтүстік, батыс және шығыс жиекте) өртті сөндіру жалғасып жатыр. Минералдандырылған жолақтар жасау жұмыстары қолжетімділігі қиын болуына байланысты тоқтатылды. Елді мекендерге қауіп жоқ”, – деді төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Сырым Шәріпханов. Министрдің мәлімдеуінше, өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына әуеден су төгуді жүзеге асыру үшін 14 тікұшақ тартылған. Өртті сөндіру басталғаннан бері өрт ошақтарына әуеден 777 рет су төгілді, жалпы көлемі 2000-нан астам тоннаға тең.