“Айына 100 миллион табады”: карантин пайдасын кімдер көріп отыр

Мониторингтік топтардың басшылары кәсіпкерлерді ірі айыппұлмен қорқытып, тұрақты “алым-салық” жинайды деген ақпарат бар. Олардың бір айлық табысы 100 миллионға жетуі мүмкін. Бұл туралы мәжіліс депутаты Азат Перуашев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Оның айтуынша, тіпті, 50 мың теңге көлемінде апталық тариф енгізілген. “Бүгінде ірі қалалар мен облыс орталықтарында тексерушілердің “рентасы” бір айда 100 миллион теңгеден асуы мүмкін. Бұның барлығын онсыз да қиын жағдайға тап болған орта және шағын бизнес көтеруге мәжбүр”, – деп атап көрсетті Перуашев. “Ақ жол” фракциясының депутаттары мониторингтік топтардың жұмысын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бақылауға алуы қажет деп санайды.

“Өңірлерден хабарласып жатқан кәсіпкерлер мониторингтік топтарға қатысты тағы бір мәселе туралы айтты. Олар шенеуніктердің туған-туыстары ұстап отырған мейрамханалар мен клубтарды айналып өтеді екен, еш тексермейді. Осы санаттағы орындар карантин басталғалы тәулік бойы істейді-міс”, – деді Перуашев.