Орталық қалалық клиникалық ауруханада коронавирус жұқтырған дәрігерлерге қатысты іс Бас прокуратураға жолданды деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің мәліметінше, орталық клиникалық ауруханада эпидемиологиялық тергеу жүргізілді. Нәтижесінде жаппай жұқтыру себептерінің бірі – ОҚК қызметкерлері сақтық шараларын сақтамаған деген қорытынды жасалған.
Ведомство мәліметінше, Айзат Молдағасымоваға қатысты қызметтік тергеу жүргізілді. “Нәтижесінде заңбұзушылық байқалмаған. Қазіргі уақытта онымен еңбек шарты бұзылды, себебі ол жұмыстан өз еркімен кету туралы өтініш білдірді” делінген хабарламада.
Еске салайық, Молдағасымова қызметінен кеткеннен кейін оның орнына Жандарбек Бекшин тағайындалды. Айта кетейік, Алматының бас санитария дәрігері орталық ауруханада дәрігерлердің жаппай коронавирус жұқтыруына медицина қызметкерлерінің өздері кінәлі екенін мәлімдеген болатын.