Үкімет мұнай өнімдеріне акциз бағасын қымбаттатпақ. Арнайы қаулы әзірлеп, қабылдауға әзір отыр. Осылайша бензиннің акциздік құны 1 тоннасына 24 мың 435 теңгеден 38 мың 134 теңгеге дейін көтеріледі. Ал дизель отынын 1 тоннасы үшін 9 мың 300 теңгеден 35 мың 726 теңгеге дейін ұлғайту ұсынылып отыр. Ұлттық экономика министрлігі осылайша бензин өндірушілер мен түрлі делдалдарды маржадан айырып, акциздер арқылы бюджеттің кірісін арттырамыз дейді. Сөйтіп, ел қазынасына шамамен 166 млрд теңге түседі. Ал акциздің қымбаттауы қарапайым жұрттың қалтасына еш ауыртпалық түсірмейді, деп сендіреді ұлттық экономика министрлігінің өкілдері.