Алаяқтардың құрбаны болған ақтөбеліктер онлайн-несие беруді тоқтатуды сұрайды

Себебі, олардың атынан белгісіз біреулер несие рәсімдеп, тақырға отырғызған. Алаяқтың арбауына түскендердің бірі жалғыз баспанасын сатып жіберсе, енді бірі ай сайын алмаған несиені төлеуге мәжбүр болып отыр, деп хабарлайды Астана телеарнасы. Алаяқтар өздерін банктің менеджерімін деп хабарласып, “біреу сіздің атыңызға онлайн-несие рәсімдеп жатыр, біз бұны тоқтатамыз” деп алдайды екен. «Ақтөбе облыстық полиция департаментінде қазір онлайн-алаяқтарға алданған 74 адамның арызы қаралып жатыр. 13 іс сотқа жіберілген. Тағы 13 іс елдің басқа облыстарына біріктіру үшін жолданды”, – дейді облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасы басшысының орынбасары Нұрболат Сұлтанов. Ал банк өкілдерінің айтуынша, алданған тұрғындардың ісі жеке қаралады. Алаяққа алданған клиент банк бөлімшесіне барып, өтініш жазуы қажет.