Алматы әкімдігі 20 миллион теңгеге кәдесый сатып алған. Шенеуніктер мемлекеттік сатып алу веб-порталына толық мәліметті жүктемеген, ешқандай конкурс та өткізбепті. Бұл туралы “Информбюро” хабарлайды. Бюджеттің мұндай қаржысын Алматы әкімдігі Кәсіпкерлік басқармасы жұмсапты. “Бұл келісімшарт конкурссыз жасалған. Тауарды, сувенирді қызмет ретінде сатып алған. Егер қызмет болса, қызмет деп жазылуы керек, тауар болса тауар, ретінде сатып алу жүргізілуі керек. Егер тауар болса онда бір көзден сатып алу болса ол 500 айлық көрсеткішке дейін болу керек. Яғни 1,5 миллион теңгеге дейін, ал мұнда 20 миллион теңге”, – дейді қоғам белсендісі Дидар Смағұл. Кәсіпкерлік басқармасының өкілдері бұл сомаға қанша көлемде сувенир сатып алғанын айта алмады. Тек биылғы эпид ахуалға қарамастан шетелдік инвесторлармен халықаралық кездесулерге мемлекеттің ақшасына картина, шапан, естелік жиынтықтары сатып алынғанын жазған.