Алматы облысында жеке үйге баса-көктеп кірген бір топ күдікті ұсталды, деп хабарлады өңірдегі полиция департаменті. Полицияның мәліметінше, қылмыс Іле ауданының Көкқайнар ауылында жасалған. 32 жастағы әйелдің айтуынша, түнде оның жеке үйіне маска киген бірнеше адам кіріп келіп, қарумен қорқытып, ұрып-соғып, әшекей бұйымдарын ұрлап кеткен. Жедел тергеу тобы дереу оқиға орнына келіп, 35 пен 53 жас аралығындағы төрт ер адамды ұстады. Күдіктілердің үшеуі алматылық болса, бірі қала сыртындағы елді мекеннің тұрғыны екені анықталды. “Ұсталғандардың барлығы өз кінәсін толық мойындады. Олардың үшеуі бұрын сотталып, жазасын өтеген”, – деді Іле ауданы полиция басқармасының бастығы Марат Күштібаев. Қылмыстық іс қозғалды.