Алматы әуежайында ірі инфрақұрылымдық жоба басталмақ

Алматы әуежайында ірі инфрақұрылымдық жоба басталмақ. Әуеайлақтағы негізгі ұшу-қону жолағының орнына жаңасы салынады. Көп деңгейлі автотұрақ және басқа да нысандар бой көтереді. Ауқымды жаңғырту 2050 жылға дейін төрт кезеңмен жүзеге асырылады. Horizon инвестициялық жобасының бірінші кезеңі 2025 жылы басталып, 2028 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланып отыр. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұловтың айтуынша, алдағы бес жылда әуежайға 360 миллион доллардан астам инвестиция салынады. Жоба тек әуежайдың меншікті қаражаты, банктік несиелер және жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылады. Мемлекеттік кепілдіктер мен бюджеттен бірлесіп қаржыландыру көзделмеген.