Алматыда 5 мыңнан астам ғимарат сейсмикалық төзімділік талаптарына сәйкес келмейді. Сарапшылар 21 мың нысанды зерттеп, аудит жүргізді. Оның нәтижелері қаланы дамытудың 2025 жылға дейінгі бесжылдық жоспарының жобасында жарияланды. Құжатта Алматыдан 80 шақырым радиуста жыл сайын 200-ге дейін әлсіз жер сілкінісі болатыны айтылған. Мегаполистің өзінде 27 тектоникалық бұзылыс бар. Олардың көбі – таулы аймақтарда орналасқан. Тексерістен кейін мамандар 5600 ғимаратты жөндеу немесе бұзу қажет деген қорытынды жасады. Сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының қызметкерлерінің айтуынша, Алматы магнитудасы 9, тіпті 10 баллдық жер асты дүмпулері болуы мүмкін аймақта орналасқан.