Ресейде ішінара мобилизациялау шарасы басталғалы бері Алматыға 5 мыңнан аса адам келген. Бүгінгі күні оның 4 мың 100-ге жуығы көршілес Қырғызстан, Өзбекстан сияқы елдерге өтіп кеткен. Бұл туралы баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары айтты, деп хабарлайды «Хабар 24». Ресми деректерге жүгінсек, қазір мегаполисте жеке сәйкестендіру нөмірін алған 900-ге тарта ресейлік тұрып жатыр. Арман Қырықбаевтың айтуынша, шаһардағы хостелдерде орын жеткілікті. Қазірдің өзінде мыңнан аса адамға орын бар. Оған қоса, сырттан келген азаматтар тиісті сауалдарын «Call-орталыққа» жолдай алады. Жалпы алғанда қалада жағдай тұрақты. Барлық мемлекеттік мекемелер штаттық режимде жұмыс істейді.