«Буран-227» патрульдік экипажы қызметін атқару кезінде қарама-қарсы бағыттағы жолақта келе жатқан Hyundai автокөлігін байқады. Полиция қызметкерлерінің талаптарына 59 жастағы көлік жүргізушісі мән бермегендіктен радиостанция арқылы патрульдік жасақтарға көлікке бағдар берілді және оның қозғалысының координаттары дереу таратылды. Талғар қаласының бағытындағы экологиялық постта қызмет етіп тұрған полиция аға лейтенанты Мейіржан Бисембаев құқық бұзушыны тоқтатуға тырысқанда, ол инспекторды толық жылдамдықпен қағып кетті. Екі аяғының сынуы, ішкі мүшелерінің жарылуы, бас сүйегінің жабық жарақатымен полиция қызметкері ауруханаға жатқызылды. Hyundai жүргізушісі ұсталды, – деді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Манап Саттаров. Қазір сотқа дейінгі тергеу басталды.