Q-pop стилінде өнер көрсететін MadMen тобының екі мүшесі синтетикалық есірткі сатумен айналысты деген күдікке ілінді. Олар полицейлердің ауқымды арнайы операциясы кезінде ұсталды. Ақпаратты Алматы полициясы растады.
“Алматы қаласының полиция департаменті синтетикалық есірткіні дайындап, таратты деген күдікпен ұсталған он адамның екеуінің аталған шығармашылық топқа қатысы бар екендігін мәлімдейді”, – деп хабарлады Sputnik Қазақстанға полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін ұйымдасқан қылмыстық топ мегаполисте мефедрон синтетикалық есірткісін сатқаны туралы хабарланған болатын.
Полицейлер күдіктілер жалға алған коттеджден дайын есірткілерді, сондай-ақ оларды өндіруге арналған компоненттерді, зертхана шыны сауыттарын, таразы және есірткі зертханасында қолданылған басқа атрибуттарды тәркіледі.
Қазіргі уақытта барлық күдікті уақытша ұстау изоляторында отыр, тергеу амалдары жалғасуда.