Алматыда уақытша жаяу жүргінші аймақтары құрылады. Бұл пилот жоба қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақтанған соң іске қосылады.
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Twitter-дегі парақшасында осылай деп жазды. Бірінші кезеңде Алмалы ауданының бес көшесі әр жексенбі сайын бір күнге жабылады деп хабарлайды 24.kz.
«Демалыс күндері бірқатар көшені жабу туралы сарапшылармен талқыладық. Бірінші кезеңде Қабанбай батыр ‒ Гоголь ‒ Назарбаев ‒ Абылай хан даңғылындағы шаршы аймақ ұсынылды» деді Бақытжан Сағынтаев.
Қабанбай батыр және Гоголь көшелерінің арасындағы Панфилов көшесі, сонымен қатар Назарбаев және Абылай хан даңғылдары арасындағы Бөгенбай батыр, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би көшелері уақытша жаяу жүргіншілер аймақтарына айналатын болады. Қоғамдық көліктер мен арнайы машиналардың жүруіне рұқсат беріледі.
Басты мақсат – көлік жүктемесін азайту. Ал қаланың басқа аудандарында бір жексенбі күні бір ғана көше жабылады. Сарапшылар қоғамдастығы мегаполистің экологиялық ахуалын жақсарту үшін осындай шаралар қарастырып жатыр.