Президент Іс басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, сарапшылар резиденция ғимаратының “пайдалануға жарамдылығы шектеулі” деген қорытынды жасаған. “Өрт пен өте жоғары температура салдарынан барлық жүк көтергіш құрылым мен шатырдың негізі саналатын металл элементтері зақымданған. Ғимараттың сақталып қалған бөлігіндегі өрт иісін толығымен жою мүмкін емес. Оның үстіне, нысанның кейбір құрылымдық элементтері қолданыстағы құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келмейді”, – деді Президент Іс басқармасы өкілдері. Сарапшылардың пікірінше, резиденцияны жөндеу және онда белсенді жұмыс істеу де қауіпті. ПІБ баспасөз қызметі ғимаратты бұзу заңмен белгіленген барлық рәсімді сақтай отырып жүргізілетінін хабарлады.