Елде болған тәртіпсіздіктерге қатысқан тағы 6 адам ұсталды. Бұл туралы бүгін Әкімшілік полиция комитетінің бастығы Бағланбек Айтпаев хабарлады. Айтуынша, күдіктілер Алматы мен Алматы облысының тұрғындары. Ұсталғандарға бүлікке қатысумен қатар «бұзақыларға металл арматураны таратты» деген айып тағылып отыр. Қазір олар уақытша ұстау изоляторында. Ал елордалық полицейлер мемлекетаралық іздеуде болған бүлікшіні қолға түсірді. Оған Жамбыл облысының Шу ауданында «Нұр Отан» партиясының ғимаратын өртеді деген айып тағылды. Айта кетейік, елде төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін тәртіп сақшылары жіті тексерістер жүргізе бастады. Шамамен бір аптада заңсыз қару сақтаған 200-ге жуық адам анықталды. Олардан 250 қару-жарақ пен 2 мың оқдәрі тәркіленді.