Алматының денсаулық сақтау басқармасы анасы арыққа тастап кеткен сәбидің жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
25 тамыз түнгі сағат 00.38-де Райымбек даңғылында орналасқан Maxima сауда үйінің маңына жедел жәрдем қызметіне шақырту түсті.
“Дәрігерлер салмағы 3 000 грамм, бойы 52 сантиметр ұл бала үшін шақыртылған. Жедел жәрдемді полиция шақырды”, – деді басқарма.
Нәресте Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілді. Ауруханаға түскен кезде оның жағдайы гипотермияға байланысты (дене қызуы 34,5 градус) ауыр болған.
“Қазір баланың жағдайы орташа, дене температурасы қалпына келді. Өздігінен еме алады”, – деп толықтырды ведомство.
Нәресте екінші балалар ауруханасына ауыстырылады. Ол жерде толық тексерілгеннен кейін сәбилер үйіне жіберіледі.
Қазір алматылық полицейлер сәбидің анасын іздестіріп жатыр.