ҰБТ-да төрт талапкердің орнына елордалық екі жоғары оқу орнының студенттері кірмек болған. Олардың бұл әрекеті мектеп түлектерін ҰБТ-ға кіргізу кезінде Face-ID жүйесі арқылы әшкере болды. Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, студенттер мектеп оқушысының орнына кіру үшін жалған құжаттар жасаған. Тұлғаны цифрлық сәйкестендіру Face-ID жүйесі аталған заң бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік берді. Бұл жүйе биыл ҰБТ тапсыратын барлық орталықта енгізілді. “Тестілеуге өз орнына бөгде адамды кіргізбек болғандардың арасында “Алтын белгі” иегері де бар”, – деп хабарлады Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Наужан Дидарбекова.