Антикордың бұрынғы басшысы жаңа қызметке тағайындалды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі қызметіне Олжас Бектеновті тағайындады. Олжас Бектенов бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы лауазымын атқарып келген. Тоқаев бүгін, 3 сәуірде президент әкімшілігінің бұған дейінгі жетекшісі Мұрат Нұртілеуді премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі етіп тағайындаған. 1980 жылы туған Олжас Бектенов 2006-2009 жылдары және 2014-2015 жылдары президент әкімшілігінде жұмыс істеген. 2017-2018 жылдары Ақмола облысы әкімінің орынбасары, 2019-2023 жылдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарған.