“Mudarabah Capital” қаржы пирамидасын ұйымдастыру бойынша 14 күдікті тергеліп жатыр. Олардың арасында танымал вайнер әрі блогер Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов және Әзізжан Саидбаев бар. Қазір олардың және туыстарының мүлкі тәркіленіп алынды. Алайда жылжымалы және жылжымайтын мүліктің тағдырын сот шешетін болады. Тәркіленген мүлік арасында 4 жер учаскесі, 10 пәтер, 1 дүкен, 5 үй мен 2 автокөлік бар екенін айта кетейік. “Қаржы пирамидасын жарнамалаған 3 вайнер де қылмыстық жауапкершілікке тартылады”, — деді Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов. Бас тергеушінің айтуынша, тәркіленген мүлік бағаланады. Одан кейін соттың шешімімен таратылады.