Есеп комитеті жүргізген аудитке сай өңір орталығындағы құрылыс бөлімі шамамен 1,5 млрд теңгеге 170 пәтер сатып алған, деп хабарлайды «Хабар 24». Екі жылға жуық уақыт өтсе де, оның 160-ында қоныс тойы болған жоқ. Яғни 1,3 млрд теңге, игерілмей тұр. Көпбалалы отбасыларға 60 шаршы метрге де жетпейтін баспана ұсынылған. Бұл ғана емес, облыста 11 млрд теңгеге жуық қаржылық олқылыққа жол беріліпті. Есеп комитеті соңғы үш жылдағы қаржының тиімді жұмсалуын бақылаған болатын. Аудит қорытындысына сай облыста бюджетті жоспарлау жағы ақсап тұрғаны мәлім болды. Қазір 23 мың атыраулық тұрғын үй кезегінде тұр.