Атыраулық шенеунік өзіне заңсыз 54 миллион теңге жалақы аударған

Атырауда білім беру басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Толғанай Көлбаеваға қатысты №2 қалалық сотта үкім шығарылды. “Экс-шенеунік сыбайласымен бірге бюджеттен 111 миллион теңге ұрлаған. Көлбаева өзінің және анасының банк картасына ақша аударып отырған”, – делінген іс материалында. Экс-шенеунік өзінің кінәсін толықтай мойындап, тергеу ісіне атсалысып, ұрлаған ақшасын қайтарды. Сот үкім шығарарда осы жайтты және сотталушының кәмілеттік жасқа толмаған балалары бар екенін ескерді. Әйел жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Оған өмір бойына мемлекеттік қызметте істеуге тыйым салынды. Сотталушының кішкентай балалары болғандықтан, сот оның жазасын бес жылға қысқартты.