Қазақстан мектептеріне педагог-ассистент лауазымы енгізілді. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі мәлімдеді. Елімізде 700-ге жуық педагог-ассистент жұмысқа кірісті. Мұндай мамандар инклюзив білім беруде сұранысқа ие. Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, педагог-ассистент – бұл мұғалімді алмастыру емес. Жаңа лауазым иесі балаларды сабаққа бағыттап оқу процесіне бейімделуге көмектеседі. Балаларға арналған жеке білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысады. “Педагог-ассистент өз бетінше қозғала алмайтын балаға физикалық қолдау көрсетеді. Немесе балаға дефектологтың көмегі қажет болса оны да көрсетеді”, – деді Гүлмира Кәрімова. Қазір министрлікте педагог-ассистенттердің жұмыс жүктемесін айқындап жатыр.