Президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламент сенатының отырысында осылай деді. “Былтыр конституциялық реформаны қолға алдық. Ата Заңға аса маңызды өзгерістер енгіздік. Қараша айында президент сайлауы өтті. Жуырда сенат депутаттарының бір бөлігі сайланды. Сонымен қатар, менің жарлығыммен бірнеше сенатор тағайындалды. Осымен сенаттың құрамын жаңғырту үдерісі аяқталды”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Оның айтуынша, депутаттардың жартысына жуығы жаңарған. Мұнда әр аймақтың, соның ішінде жаңадан құрылған облыстардың өкілдері бар. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне арнайы квота берілді. “Сенатта түрлі санаттағы қоғам өкілдері барынша қамтылды. Жалпы, бұл палата мемлекеттік басқару саласында айрықша рөл атқарады. Оған конституцияға сәйкес маңызды міндеттер жүктелген. Заң шығару қызметін сапалы атқару үшін барлық жағдай жасалған. Жаңа депутаттар сенаттың қызметіне тың серпін береді деп сенемін”, – деді президент.